Аягөз, Шұбартауым

Несіпбек Айтұлы .
1.03.2021
Аягөз, Шұбартауым – ақ бесігім,
Көңілдің сендерсіз кім қақты есігін?
Ұмытсам қасиет пен қадіріңді,
Ешқашан бұл балаңа жоқ кешірім.
Ойымнан шықпаса да болжағаным,
Бұйырған бақытымды олжаладым.
Сәбидей сүңгіп кетіп құшағыңа,
Ашылса алақаның бал жаладым.
Сендерге бергенімнен алғаным көп,
Ақтасам ел үмітін арманым жоқ.
Торғындай топырағыңа аунап қайтсам,
Қажыға өкінбеймін бармадым деп.
Тұмардай тектілердің сөзі маған,
Байыдым халқым берген қазынадан.
Суыңнан айналайын шалқып аққан,
Желіңнен айналайын азынаған!
Атамның ізі қалған асыл далам,
Алтыннан қымбат түйір тасың маған.
Не деген дархан едің жайсаң елім,
Жан сырын жауынан да жасырмаған.
Болыңдар жаттан аман анталаған,
Киелі босағаңды балталаған…
Мен де бір шырылдаған бозторғайың,
Тоңғанда тобылғыңды қалқалаған…
Пікір қосқыңыз келе ме немесе жаңалықтарды жаңартқыңыз келе ме?
Төмендегі пішінді толтырыңыз





