КЕРЕЙ ШЕЖІРЕСІ

Шыңжаңдағы «Қазақ фольклоры» қорынан жазушы Оразынбай Егеубай.
КЕРЕЙ ШЕЖІРЕСІ
Үш жүз – деп қазақ елі танылады ,
Ұлы , Орта , Кіші жүз деп табылады .
Жалайыр , албан , суан , дулат , үйсін ,
Ұлы жүз құрамына алынады .
Арғын , найман , қоңырат , қыпшақ , керей , уақ ,
Құралған Орта жүзге бәрі бір – ақ .
Бұларға «алты арыс» деп ат қойылып ,
Айтылған ел аузында бұрынырақ .
Жатады үш тайпа ел – Кіші жүзде ,
Ертеден білінгені бүгін бізге .
Байұлы , әлімұлы , жетіру деп
Анықтап көрсетейін оны сізге .
Атанған екі тап боп Керей елі ,
Абақ пен Ашамайлы керей дейді .
«Он екі абақ» болып өсіп өніп
Толықсып жүрген күні мерей еді .
Жәнтекей , жәдік , молқы , ол қарақас ,
Күнсадақ , шеруші мен тағы сарбас ,
Ителі , шұбарайғыр , жастабан мен
Шимойын , меркітпенен және аралас .
Деп айтады он екі абақ осыларды ,
Барлығы бір керей боп қосылады .
Керейдің жалпы ұраны «абақ» болып ,
Тағы бар әрбір таптың өз ұраны .
Жәнтекей ұран салса – « Шақабайлап»,
« Жанат» – деп жәдік шығар тағы айқайлап ,
Молқы – « Машан» , сарбастар – « Сартоқайлап» ,
Ителі – «Бұқарбайлап» , қарақас – « Қаптағайлап».
Меркіт шықса ұрандап « Құлсары» деп ,
Жастабан « Жобалайлап» шығады кеп .
Күнсадақ « Жабалай»лап ұран салса ,
Шимойын « Алманбет»ке салады тек .
Ұраны шұбарайғыр « Қожаберген» ,
Шеруші « Байтайлақ» деп соза берген .
Жеңісте , төбелесте , бәсекеде ,
Ұран боп қалыптасқан осы ежелден .
Жәнібек батыр шыққан бұл абақтан ,
Жауына соққы беріп аты шыққан .
Сондықтан абақ керей жауға шапса ,
«Жәнібек» , «Жәнібек» деп ұрандатқан .
Алтайды абақ керей мекен еткен ,
Басынан толқымалы күндер өткен .
Мың жеті жүз жиырмасыншы жылдар шамасында ,
Алтайға абақ керей келіп жеткен .
Кең байтақ , елге жайлы Алтай жері ,
Жартылай көшпенді еді керей елі .
Арпа , бидай , тары егіп , малын бағып ,
Рахатты өмір өткізіп жүрген еді .
Баққаны қой мен түйе , сиыр , жылқы ,
Түзелер аман болса ойын – күлкі .
Аң аулап , бүркіт салып саяхатпен ,
Қуалап соққандары қасқыр – түлкі .
Жиналып абақ керей басын қосқан ,
Жөнінде ұйымдасу ақылдасқан .
« Төресіз ел , төбесіз жер болмайды» деп ,
Дегенді бәрі сонда мақұлдасқан .
Сайлаған Көгедайды төре қылып ,
Көтерген бастарына төбе қылып .
Керейден төрт орын деп , төрт би сайлап ,
Қоғамды басқарыпты жора қылып .
Уақ пенен найман бар бір аздаған ,
Керейден олар әсте бір жазбаған .
Біраз ел екі рудан көшіп сіңіп ,
Көпшілік мекенінен қозғалмаған ….
АБАҚ КЕРЕЙ
Бір күнде он екі абақ төмен жүрген ,
Малына берекелі Қызыр кірген .
Бұл керей он екі ауыл ауып келген ,
« Торғайты , Тоқсан өзен» деген жерден .
Ордың қарағашын өрлей келген ,
Бақытты ешкім алмас құдай берген .
« Үш жүздің баласы боп тараймыз» деп ,
Естуіміз осылай үлкендерден .
Кенжесі Керей мырза Дана бидің ,
Тентек пенен тебізге салған тиым .
Уақ , Керей екеуі ағайынды ,
Бөлініп енші алып кеткен үйін .
Ауылы екеуінің екі бөлек ,
Болыпты әрбір іске Керей зерек .
Бәйбішесі қызы екен ұлы үйсіннің ,
Өзі таңдап , айттырып алса керек .
Әйелінің аты Абақ ( Аппақ ) екен ,
Жылқыны өсіретін жабағы екен .
Керей мырза айттырып алғаннан соң ,
Бір ұлды күні жетіп табады екен .
Ат қойды баласына Ашамайлы ,
Бала көріп көңілі болды жайлы .
Той қылып , ат шаптырып , елді жиды
Балаға жүреді екен болып зарлы .
Керейден тағы бір ұл тапты Абақ қатын ,
Қарақожа қойыпты оның атын .
Ержеткен соң атақты молда болып ,
Жұртқа жайды өсиет шариғатын .
Қарақожа баласы Майқы би – ді ,
Әділдік еткеннен соң жұртқа силы .
Әділдікпен ел билеп жұртқа жақты ,
Тентек пенен сотқардың бәрін тиды .
Онан кейін атамыз Силал екен ,
Атадан асып туған бір жан екен .
Кім өлмейді , жалғаннан кім қалмайды ,
Мүсәпір мен пақырға пайдалы екен .
Онан соңғы атамыз Ермен екен ,
Құдайым соған тілек берген екен .
Қасиетті Қызырдың ізін басып
Ұрпағы осылайша өскен екен .
Онан соңғы атамы Изен екен ,
Несібесі біреудің жүзден екен .
Қырық жыл өлімнен құтыла алмай,
Жердің жүзін аралап кезген екен .
Онан соңғы атамыз Жабай екен ,
Қарт бурадай қаңтарда жарайды екен .
Тыңдап отыр жамағат құлақ салып ,
Он екі Абақ осыдан тарайды екен .
Онан соңғы атамыз Аллаберді ,
Жақсы менен жаманның бәрін көрді .
Ағайынды және де бір туысқан ,
Біреуінің аты екен Құттыберді .
Ағайынды екеуі парлас екен ,
Ғалидың ұлпықары алмас екен .
Естуіміз осындай үлкендерден ,
Құттыберді баласы Сарбас екен .
Адамға ақыл айла жанға пайда ,
Жан қадірін ойлайтын адам қайда .
Аллаберді баласы бір туысқан ,
Ағайынды Қойлау мен Байлау қайда .
Ана менен балаға ата қорған,
« Іні тастан болғанда , аға бордан» .
Тұқымынан қаракөк үзілмеген
Балаудан Бағаналы , Жаппас туған .
Мінеді әділ патша алса тақты ,
Құдаыйым жарылқайды көңілі ақты .
Бір Жаппастың баласы мына үш керей :
Молқы менен Қарақас , Күнсадақты .
Төртеу екен баласы Бағаналы ,
Молда оқиды кітапты мағаналы .
Елдай , Көлдай , Жиеншора , Бердішора ,
Бір туысқан төртеуі ата – аналы .
Біреу құйрық болғанда , біреу қанат ,
Тақа тисе , қайтпайды нағыз болат.
Он екі Абақ баласы өсіп – өнген ,
Бердішора ұрпағы Құлтайболат .
Ардақтап осылай деп таратамыз ,
Елдайдан туады екен Сүгір жалғыз .
Шеруші батырлықтың туы дейді ,
Таралған тарихта болып аңыз .
Ертістің екі жағы құмдық екен ,
Мылтықтың қара ағаш құндағы екен .
Өзі жалғыз Сүгірден бір ұл туып ,
Осы күнгі Шеруші – ұрпағы екен .
Көлдайдан жалғыз екен Жәдік батыр ,
Туғызған дұшпанына заманақыр .
Жауынгер адам екен қайтпайтұғын ,
Ерлігі , зейінімен бірдей татыр .
Жиеншора ұрпағы Жантекейдің ,
Мал мен басты Құдайым тегіс бердің .
Қызыр дарып , бақ дәулет қоса қонып
Жұрағаты осынша өсіп өнген.
Жәдік пенен Жәнтекей немере екен ,
Құдайым тілегенін берген екен .
Бәйбішесі Мәуілім – қыпшақ қызы ,
Жәдік алып айттырып берген екен .
« Асылды асыл сақтайды» деген сөз бар ,
Бірінің қадірін бірі көрген екен .
Жастабанның баласы келіп сіңген ,
Сары Ноғай Сарбастың жиені екен .
Жас қыран жарып шыққан ұшсам дейді ,
Кей адамның ажалы оттан дейді .
Қыпшақ бәйіс баласын сұрасаңыз ,
Одан туған Етікші , Шотпан дейді.
Осылай тарайды екен он екі Абақ ,
Берген екен Құдайым ерекше бақ .
Көгедай гүң билеген төре хан боп ,
Қонған екен бойына өлген аруақ ….
Қытайдағы Нығмет Мыңжанның « Қазақтың қысқаша тарихы» кітабынан :
…. Қазақтың арғы атасы Алаш , одан Қазақ туған . Қазақтан
Бекарыс , Ақарыс , Жанарыс . Бекарыстан Ұлы жұз , Ақарыстан Орта жүз , Жанарыстан Кіші жүз . Орта жүздің ұраны « Ошыбай» , «Ақжол» ,
« Рақожа» . Шежірешілер 15 -20 атаға дейін , білікті шежірешілер 77 атаға дейін тарататын болған . Ауыздан ауызға сақталып келгендіктен оларда күңгірттіктер , жаңсақтықтар болуы мүмкін . Ауызша тарих , әрине ғылыми тарих емес , бірақ оны бағаласамақ дұрыс болмайды .
…. Қазақта жеті атаға дейін қыз алыспайды , күйеу мен қалыңдық ауылдарының арасында жеті өзен болуы шарт болған .
Қытайдағы Абдрашит Байболат пен Нығмет Мыңжанның « Қазақ шежіресі» кітабынан үзінділер :
…. Керей ел серкесі болған кісі екен . Үш рет ел ауғанда екі ретінде елін бастап Сарыарқаның сауырын мекендепті . « Көрпелес хан болғанда , Қара кісі би болыпты . Керей атасы Қараби сол екен . Керей өзі өңі түсі қара кісі емес , өз заманында би болған екен .
….. Орта жүзді «алты арыс» немесе «төрт төңірек» деп те атайды . Керей елі үлкен тайпа , ескі шежіреде өз алдына хандық құрған . Ел аңыздарында керей елінің жеті сары ұлдары бір туғандай болып көрінетіндіктен Сары Керей аталған екен .
Сары Керейден – Ашамайлы ( Ақберді) , Абақ тарайды . Ашамайлыдан – Балталы , Балғалы , Сіргелі , Найзалы , Сибақ . Абақ Керейден – Алдаберді , Құтберді , Асанберді .
Алдабердінің табаны өте үлкен екен . Жеңгелері есіл жастың табаны ай , деп жүріп « Жастабан» атаныпты .
Жастабаннан – Сартоқай , Сарбас , Бегімбет .
Сартоқайдан – Әлсейіт , Шоңбас .
Бегімбеттен – Бекназар , Қосай .
Сарбастан – Жолжақсы , Жылжақсы , Ырыс , Шегір .
Абақ ұлы Асанберді . Аңыздар бойынша Асанбердіні «Асанқайғы әулие» деп те атайды екен . Бұның әулеті ( ұрқы) Кентүп , Тартүп деген жерге барып мекен тұтқан ( Ауғаныстан ) . Асанберді кейде түс көріп , сәуе айтып болашақты болжап отырады екен . Сондағы бір сөзінде « мендегі бұл шарапат мен өмірден өткен соң Құтберді ұрқына ауады . Жүз жыл өткен соң Құтберді әулетінен бір Асанқайғы шығуы мүмкін» дейді екен . Құтбердінің бесінші ұрпағы Меңлібай деген кісі әрі би , әрі болжамшыл адам болыпты . Ел оны осы күннің Асанқайғысы , «жорықшы би» деп атаған екен . Осы жорықшы би бес алты жыл ішінде дүниенің көп жерін аралапты . Сонда Кентүп , Тартүпке , Аустрияға , Мұнғұлияға , Қырғыз жерлеріне дейін аралап қайтыпты . Келген кезінде көрген көрген білгенін елге айта келіп , Асанқайғы атаның елінің бір бөлімі Ауғанның Кентүп , Тартүп жерінде болғандығын ұқтырыпты .
Керей Кенел тұқымының қырғыз ішіндегі «мүндіз» руымен бірге тұратынын , оның маңжол , тайпағыс , келбағыс , нәнлі деген руының бар екенін жария қылыпты . Кенел тұқымы өз кезінде өздерін білдірместікке ант еткен екен . Соған құрмет етіп , олардың сырын ашпапты . Меңлібай осы ахуалды өзінің немересі Райысқа жаздырып қалдырған екен . Райыстан Қамажан Бұғынтайұлы көшіріп алыпты . Одан Әбіз жазып алған . Әбізден Бітіке баласы Қалиға қалған . Бұл дерек сол нұсқадан алынған .
Асанберді әулетінен тараған ел сол Кентүп , Тартүп елін мекендеп , сегіз болыс ел болған деседі .
Абақтың үшінші ұлы – Құтберді .
Құтбердіден Бағаналы , Жаппас .
Жаппастан Кенен , Жабай .
Жабайдан Сейдалы , Молқы , Көнсадақ . Сейдалының қасы қалың , қап қара екен . Жеңгелері қарақас деп жүріп «Қарақас» атандырыпты .
Бұл шежірені айтқан Асылбек Қайырымұлы . Шәуешектің Толы ауданында тұратын Тоғжан Асылбекұлы жазып алған .
Пікір қосқыңыз келе ме немесе жаңалықтарды жаңартқыңыз келе ме?
Төмендегі пішінді толтырыңыз





