Нұралы батыр кесенесі

Нұралы батыр
( 1714 — 1789)
Нұралы батыр кесенесі Семей облысы (қазіргі Абай облысы) бұрынғы Шұбартау ауданында орналасқан. Зират 1997 жылы салынған. Алдында бұл жерде тас қабыр болған. Зиратты сол кезде аудандық ПМК-ның бастығы болып қызмет атқарған Тілектес Бейсембаев пен 1996-1998 жылдары Семей облысы Жаңасемей ауданының әкімі, Семей құс фабрикасы АҚ президенті лауазымдарын атқарған Оспанов Біліс Кәрімбекұлы салдырған.
Нұралы Батыр (руы керей-косай) – жаугершілік заманда ел қорғаған батыр. Оның ерліктері туралы ел аузында аңыз-әңгімелер көп тараған.Нұралының батырлық белгілері бала кезінен әйгілі бола бастағаны айтылады.
1731 жылы дос болып бірге өскен үш бала жігіт — Абақ керей ішіндегі Жәнтекей атасынан Жәнібек Бердәулетұлы (бұл болашақтағы қазақ халқының айтулы батырларының бірі де бірегейі — Ер Жәнібек), Жастабан атасынан Есіркепұлы Нұралы, Шеруші атасынан Байымбетұлы Байтайлақ сұранып Абылай бастаған қолға қосылып Аңрақай шайқасына қатынасады.
1739 ж., 1740 ж., 1742 жылдары Нұралы батыр Жоңғар хунтайшысы Халдан Серен шабуылына карсы Есіл, Ор, Ыргыз, Елек өзендерінін бойында Абылай бастаған қазақ қолының сапында Ер Жәнібек бастаған Абақ керей түменінде мың басы болып қатысқан.
1741 жылы Нұралы батыр Шыңғыстаудагы Шаған шайқасына қатынасып асқан ерлік көрсетеді.
1750 жылы 80 күндік Шорған шайқасында Абылайдың астындағы аты мерт болып жаяу қалганда Ер Жәнібек астындағы Көкдөнен атын Абылайға көлденең тартып:
— Алдияр! Сіз өлсеңіз ел жетім қалар, мен өлсем қазақтың бір қатыны ұл табар! — деп Абылайды құткарып жібереді. Жаяу қалған Жәнібекті қалмақтың бір сарбазы найзамен шаншып өлтірмек болғанда унемі ажырамай бірге жүретін жан жолдасы Нұралы батыр жетіп келіп, қалмақ сарбазын ұрып жығып астындағы атын Ер Жәнібекке мінгізіп екеуі бірге қашып құтылады.
1751 жылы Нұралы батыр Арқадан оңтустік Қазахстанға жасалган Ханбаба бастаған ( Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорыққа Ер Жәнібектің түменінің сапында қатынасып Жоңғар басқыншыларынан Ташкентті, Шымкентті, Сайрамды т. б. көптеген елді мекендерді азат етуге ат салысады.
1752 — 1754 жылдары Нұралы батыр Ер Жәнібек бастаган Керей сарбаздарының сапында Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін Жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысады.
Нұралы батырдың ұрпақтары да өз еліне адал қызмет етті.
Патша өкіметі 1822 жылы Орта жүз қазақтарын Россияға қосу мақсатында «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» қабылдады. Осының негізінде 1824 жылы Көкшетау мен Қарқаралы округтерін құрды.
Шұбартау өңіріне қоныстанған Қосай ұрпақтары Қарқаралы округінің «Керей» болысын құрып өздерінің бірінші болысын сайлады. Кейін «Дағанды болысы» деп аталған. Патша өкметі алғашқы болыстар мен аға сұлтандарды тек төре тұқымынан сайлауға ұлықсат етті. Сондықтан «Дағанды» болысының алғашқы болысы болып Төре Жаңгір Шыңғысов 2 октябрь 1826 жылы сайланды. Жаңгірдің орташа шаруашылығы болған, ол қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының жерінде тұрған. Сондықтан Оның орынбасары болып және келесі сайлауда 1829 жылы болыс болып Нұралы батырдың немересі Өскенбай сайланды.
Сол жылдары осы жерде 1045 кибиток ягни шаңырақ басы болған. Кейін болыстын аты Дагандель, аз уақыт Бақанас деп аталды.
1824 жылдан 1928 жылға дейін «Дағанды» болысының болысы болып 8 адам сайланған. Оның алтауы Нұралы батырдың ұрпақтары. Өскенбай мен Әлдеке әр қайсысы отыз жылдан болыс болған. 1897 жылғы болған Бірінші бүкіл Ресейлік санақтын қортындысы бойынша «Дағанды» болысында 2548 шаңырақ болды(Википедия).
1826-1897 жылдары аралығында, немесе 71 жылда шаңырақ саны 2,5 есеге көбейген. Бұл нені көрсетеді? Ол Бекназар бабамыздың ұрпақтарының Бақанас өңіріне 1826 жылдан кейін келгендігін тағы бір дәлелдей түседі.
1897 жылы Дағанды болысында -10361 адам болды. Бұл сол кездегі Қарқаралы уезінде халық саны жөнінде бірінші орында болды. Ауыл саны 14, шаңырақ-2548, оның ішінде Нұралы -357, Сарыбай – 220, Маямер-180, Бақтыбай сары – 180, Байсейіт – 330, Қасқа – 350, Бекназар ұрпағы – 1000 шанырақтай болды.
Керейдің соңғы болысы 1928 жылы бесіктегі баласы, Қарт әке-шешесі, жақын туыстарымен бірге ірі бай ретінде конфискацияға ілініп жер аударылган Мұқатай Смағұл қажы ұлы болған. Сол кісі өткен ғасырдың 20-шы жылдары сол кездегі Алаш Орда ұйымының орталығы болған Семей қаласына солардың шақыруымен барады. Жанына басқа нөкерлерімен қоса жас жігіт, әрі немере інісі- Оспанов Кәрімбекті де ертіп алады. Ол кезде автокөлік жоқ, салт атпен елін аралап, Семейге бет алады. Семейге барар жолда Керейдің ең шеткі ауылы Нұралы батырдың бұрынғы тұрағына орналасқан, Қожагелді атамыздың ұрпақтарының ауылы болатын. Сол кезде Қожагелді ауылының ауылнайы Оңдасынов Кәкім болады. Сол кісі «әкелеріңнің зираты мына жерде» деп Мұқатай бастаған жігіттерді қабыр басына ертіп барып құран оқиды. «Үлкен шешелерің, Балапан бәйбішенің зираты Бақанас өзенінің Баршатас ауылы орналасқан жерде, өзеннің оң қабағында. Бірақ қабірінің қайсысы екенін білмеймін» дейді. Өйткені содан бері 100 жылдан астам уақыт өтті ғой. Біздің ата-бабамыз Алтайдан көшіп келіп Нұралы батырдың бұрынғы қонысына орналасқан соң бұл кісінің рухына бағыштап құран оқу әдетімізге айналған дейді.
Мұқатайлар Семей қаласына барып, одан аман-есен қайтқанда Семейде бір кішкентай тасқа құранның аятын жаздырып, қоржындарына салып әкеп, батырдың қабірінің бас жағына қойып кетеді.
Бұл жөнінде тағы бір айғақ: 1954 жылы Қожагелді атаның ұрпағы — Әбіш ақсақал Зорбасов Жұманбай атамызға «бабаларың Ескі кеңсе қыстағының қарсысындағы, бұрынғы Керей мен Тобықты руларының шекарасын бөліп жатқан Бозқараған жотасының дөңінде бесікше қаланған тас қабырда жатыр»- деген.
Әдетте батырдан батыр туады деген ұғым бар. 1941 — 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына Нұралы батырдың 300 ден артық тікелей ұрпактары қатынасып, олардын 70 пайыздан артығы ерлікпен майдан даласында қаза тапты. . Солардың бірі батыр бабасының ерлігін жалғастырған Совет Одагының Батыры Мұқатай Әбеуілов 1944 жылы 16 желтоқсанда Венгрия жерінде мерт болды.
Әдеб: Электрондық ресурс- https://abaqkerey-nuralybatyr.kz
Кейбір мәлеметтер Нұралы батырдың тікелей ұрпағы Оспанов Біліс Кәрімбекұлынан алынды.
Пікір қосқыңыз келе ме немесе жаңалықтарды жаңартқыңыз келе ме?
Төмендегі пішінді толтырыңыз





